Алматыда жаңа Анимациялық бірлестіктің орталығы таныстырылды

; АЛМАТЫ. Мамырдың 31-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жаңа Анимациялық бірлестіктің орталығымен таныстырып, үш мультфильмнің - "Қошқар мен теке", "Момын мен қарақшылар" және "Айка " деп аталатын киік туралы түсірілген анимациялық фильмдердің тұсаукесірін өткізді,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық жақсы мультипликацияны жасауға мүмкіндік беретін заманауи техникамен жабдықталған, атап айтқанда, Apple және Macintosh техникасымен, лицензиялы Maya, Animator pro, 3D-coat, Mudbox бағдарламаларымен, Adobe бағдарламасының толық пакетімен және көптеген графикалық бағдарламалармен қамтылған.

«Бұған дейін де орталық жұмыс істеді, Үкіметтің бұл өнер түрін түсініп, қолдауының арқасында Орталықта қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі заманғы техникамен жабдықталып, міне, қайтадан жаңа келбетін ашып отыр. Орталықта 15-тей жаңа компьютерлер қойылды. Онда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген ең үздік аниматорлар жұмыс істеуде. Олар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды десе болады. Бұл жаңа Орталықтың ашылуымен Қазақстанда анимациялық өнердің жаңғыруы басталды. Енді біздің жас ұрпақ отандық, біздің мультфильмдерімен тәрбиеленетін болады», деді анимациялық бірлестіктің жетекшісі Жәкен Дәненов.

Орталықтың компьютерлі графика бойынша жетекші маманы Берік Жүнісбековтың айтуынша, бүгінгі заманға сай лайықталған жабдықтар өндіріс шығынын айтарлықтай азайтып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. «Бұрын бәрі қолмен салынып, жасалып, оған 10-нан аса адам жұмыс істесе, қазір жалғыз өзің ғана жасай аласың, бәрін техника жасап береді, тек компьютермен жұмыс істеуді білсең болғаны», дейді ол.

Таныстырылым барысында Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ бас редакторы Дидар Амантай орталықтың бүгінгі және ертеңгі жұмыс барысымен бөлісті. «Біз былтыр «Ер Төстік пен Самрұқ құс» атты қазақ кино тарихындағы тұңғыш анимациялық толық метражды фильмді өндіріске жібердік. Бұл бұған дейін қазақ кино тарихында болған емес. Сонымен қатар, «Қазақ елі» атты жасөспірімдерге арналған 50 бөлімнен тұратын анимациялық тарихи-танымдық сериалды өндіріске жібердік. Бұл сериалда Жәнібек пен Керей хандардан бастап бүгінгі күнге дейінгі уақытты толық қамтитын тарих көрсетілетін болады. Әр серия бес минуттан тұрады. Былтыр біз алты жобаны аяқтасақ, биылғы жылы «Қазақ ертегілері» атты 5 анимациялық жобаны өндіріске жібереміз. Бүгінгі біздің жасап жатқан шаруаларымыз қазақ анимациясының қайта түлеуі деп айтуға болады», деді ол.

Ол сонымен қатар, бүгін тұсаукесері өткен мөлтек фильмдер екі аптадан кейін телеарналардан көрсетілетін болады деді.

Соңғы жаңалықтар