Алматыда жаңа Еңбек кодексінің нормаларын қолдану мәселелері талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облыстық сотында облыстық және аудандық соттардың судьялары, прокуратура, еңбек инспекциясы, адвокатура, кәсіптікодақтар, БАҚ өкілдері мен медиаторлар қатысқан дөңгелек үстелде жаңа Еңбек кодексінің нормаларын қолдану мәселелері талқыланды

Алматыда жаңа Еңбек кодексінің нормаларын қолдану мәселелері талқыланды

Іс-шараны жүргізген Алматы облыстық сотының судьясы С.Құрбанова жаңа Еңбек кодексі Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде қабылданып, еңбек заңнамасын ырықтандыруға негізделгендігін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Еңбек кодексі жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты нақты анықтады, олардың ұжымдық шарттағы рөлі мен жауапкершілігін бекітті, ең төменгі еңбек стандарттарын, базалық кепілдік пен қызметкерлерге өтемақы және жұмыс берушілер тарапынан тәртіпті орындалуының  бақылау жүргізуді белгіледі.

Кездесуде «Алматы облысының  кәсіподақ орталығы»  аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы А.Қыдырманова, Алматы облысының  еңбек  қарым-қатынастарын басқару инспекциясының бақылау бөлімінің басшысы Б.Данияров, прокуратура бөлімшелерінің басшылары А.Берсінбаева мен Е.Сүлеймен, Медиаторларлардың ұлттық палатасы облыстық филиалының директоры Б.Файзулин сөз сөйледі. Олар әлеуметтік әріптестік, жаңа Еңбек кодексінің орындалуына прокурорлық  қадағалау жүргізу, сотқа дейінгі бітімгершілік рәсімдер мен еңбек  заңнамасының басқа да жаңашылдықтары туралы айтып өтті.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар осындай кездесулердің  маңыздылығын және алдағы өзара іс-қимылға дайын екендіктерін атап өтті.