Алматыда жаңа инвестициялық жобалар таныстырылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен инвестициялық форум барысында сарапшылар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын инвестициялық жобалар туралы айтты.
Мамандар биыл ғана ашылған «Гранд Парк» көтерме сауда орталығының мүмкіндіктерін тілге тиек етті.
Спикердің айтуынша, өндірушіден тұтынушыға жеткізетін делдалдар тізбегін жоюдың арқасында өнімдер сатып алушыларға 15-20 пайызға төмен бағада жетіп жатыр.
Барлық ет, балық, жеміс-жидек, көкеніс, сүт өнімдерін тікелей фермерлердің өздері жеткізеді.
«Гранд Парк» сауда ойын-сауық кешенінің директоры Ғабит Бейсенбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жақын орналасқан облыстардың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен 30 шарт жасалды.
«Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 250-ге дейін жеткізілмек. Сондай-ақ, мұнда аяқ киім сататын ірі гипермаркет ашылады. Аталған жоба 3500 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Тауар әлемнің 2 500 фабрикасынан ұсынылатын болады», - деді Ғ. Бейсенбаев.
Айта кету керек, биыл «GrandParkAlmaty» кешені екінші кезегінің құрылысын салу жоспарланып отыр. Салынған инвестицияның жалпы көлемі 25 млрд теңге.
2017 жылғы ауданда «OBI» әлемдік стандартты құрылыс материалдарының, жабдықтар мен құралдардың жаңа неміс гипермаркеті ашылады. Жаңа инвестициялық жоба 200 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оған 5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынады.