Алматыда жаңа қайырымдылық жоба басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жоба «Seimar Social Fund» қайырымдылық қоры мен «Komanda SOS» еріктілер орталығының ұйымдастыруымен іске асырылуда. Жоба аясында «Mirbilis» дизайнерлер ұжымы, «Manifest» дизайн студиясы, «Neolab's Web Solutions» компаниясы, «URKER» тобы мен «Alatau Invest Construction» тоқыма компаниясының ықпалдастығымен 200 креативті футболкалар шығып, қазір сатылымға жіберілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сатылымнан түскен барлық қаражат «Komanda SOS» еріктілер орталығының «Қайырымды істер қоры: кімге, қашан, қалай көмектесу керек" атты бағдарламасы аясында дереу емдеуді қажет ететін балаларға көмек ретінде аударылатын болады.
"Егер бірінші таралымнан шыққан футболкалар жақсы сатылса, біз бұл жоба бойынша жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Қазірдің өзінде бұл жобаға қатысуға Ділназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова және «JCS» тобы ұсыныс берді", деді "Komanda SOS» еріктілер орталығының жоба үйлестірушісі Әлия Сағынғалиева.
"Үркер" тобының әншісі Айдос Сағат мәдениет және өнер өкілдері әлеуметтік тұрғыдан жауапкершілікті болуы керек деп атап өтті. "Біз бұл жобаға шын ниетімізбен қатыстық, барлық актерлар мен әншілерді бізге қосылуға және атсалысуға шақырамын. Біз үшін еліміздегі балалардың тағдыры бейжай емес", деді ол.
Футболканың орташа бағасы 3400 теңге. Оны Алматы мен Астана қаласындағы «Меломан» дүкендерінде сатып алуға болады.