Алматыда жаңа оқу жылында 1-сыныпқа қанша бала барады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева онлайн брифинг барысында жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қанша бала баратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жаңа оқу жылында 1-сыныпқа қанша бала барады

«Алматы қаласында 287 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 207 мемлекеттік және 80 жеке меншік. 2021-2022 оқу жылында 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың алдын ала болжам бойынша контингенті 300 мыңға жуық бала. Бүгінгі күні бірінші сыныпқа 30 мыңға жуық бала қабылданды»,- деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, ол алғашқы қоңырау қалай өтетініне тоқталды.

«Білім күні мектеп аумағында ашық ауада сап түзеп, барлық мектептердің 1-сынып оқушыларына Әліппе/Букварь табыс етіледі (еріп жүрушілер саны шектеулі). 2-11 сынып оқушылары үшін бекітілген кабинеттерде сынып сағаты өтеді»,- деді ол.

Ләззат Жылқыбаева мектеп формасына қойылатын талап сақталатынын айтты. Білім мекемесіне классикалық стильдегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат етіледі.