Алматыда жаңа оқу жылында үш мектеп ашылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 1 қыркүйекте үш жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ведомство өкілі атап өткендей, қазір қалада мектептердегі орын тапшылығын азайту шаралары жалғасуда. Бүгінде ол 19 611 орынды құрайды.

«Биыл 1 қыркүйекте «Қалқаман», «Саялы» және «Томирис» шағын аудандарында 5100 орынды 3 жаңа мектеп және №191, 146, 125 мектептерде 875 орынды қосалқы ғимараттар қолданысқа беріледі», - деді Айдын Сайлаубай.

Қаладағы жалғыз үш ауысымды №196 мектептің мәселесі оқу жылының басында «Мәдениет» шағын ауданында жобалық қуаты 1500 оқушыға есептелген жаңа мектептің ашылуымен шешімін таппақ.

2022 жылдың соңына дейін 6000 орынды тағы 4 мектепті (Қалқаман-2, Қайрат, Дархан, Нұркент шағын аудандарында) пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ №48 және 9 мектептердің қосалқы ғимараттары пайдалануға берілмек.

«Қала әкімдігі 1 800 орынды мектептерді орналастыру үшін екі ғимарат сатып алады. Сонымен қатар, оқу жылының басында жеке инвестициялар есебінен 3250 орынды 6 мектеп ашылады»,-деді спикер.

15 қалалық мектептің «Мектеп спорт алаңдарын модернизациялау» жобасын іске асыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді, жұмысты оқу жылы басталғанға дейін аяқтау көзделген.


Соңғы жаңалықтар