Алматыда жаңа технологияның көмегімен мойын омыртқасына ота жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігерлері мойын омыртқасы зақымданған науқасты мүгедектіктен аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жаңа технологияның көмегімен мойын омыртқасына ота жасалды

Аурухананың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 48 жастағы науқас ауруханаға мойын омыртқасы ауыратынын айтып түскен. Ауырғаны сонша, басын бұра алмай қалған.

«Тексеруден кейін науқас шұғыл түрде нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Келесі күні оның омыртқасына техникалық күрделі әрі сирек ота жасалды. Операция «тіс тәрізді өсіндіні бұрандамен трансдентальды остеосинтездеу» деп аталады. Аурухана дәрігерлері емдеудің бұл әдісін алғаш рет қолданды«, - деп хабарлады ауруханада.

Алғашқы отаны нейрохирург Тимур Айтмұханов жасады.

«Мойын омыртқасы 7 омыртқадан тұрады. Бірінші мен екінші омыртқа көтеретін функционалдық жүктемеге байланысты ерекше мәнге ие. Бірінші омыртқа – атлант, екінші омыртқа – аксис деп аталады. Олар бір-бірімен С2 омыртқасының тіс тәрізді өсіндісі мен атланттың алдыңғы доғасынан түзілетін крювелье буыны арқылы байланысады. Омыртқаның бұл сегментінің маңыздылығы – бас қозғалысының 50-ден 70% дейін осы бөлімде болады. Бірақ, тіс тәрізді өсіндінің сынуы кезінде бұл функция зардап шегеді», - дейді дәрігер Тимур Айтмұханов.

Операциядан кейін науқас палатаға ауыстырылды. Мойын омыртқасының қозғалысы қалпына келді.

Нейрохирургтар импланттың жұмысын орнатқаннан кейінгі бірінші күні, бір ай, үш ай және алты айдан кейін тексереді. Олардың айтуынша, бұл әдіс ауруханаға жатқызу ұзақтығын қысқартумен қатар, науқастың мүгедек болу қаупін де күрт төмендетеді.