Алматыда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында азық-түлік бағасы тұрақты - әкімдік

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Жаңа жыл мерекесінің алдында бағалардың күрт өсуі байқалмайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА қаланың ауыл шаруашылығы басқармасына сілтеме жасап.

Алматыда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында азық-түлік бағасы тұрақты - әкімдік

«Меркенің алдында сұраныстың артуына байланысты бағаның да аздап құбылуы ықтимал. Жалпы алғанда, азық-түлік бағасына деген орташа көрсеткіш тұрақты. Бір аптаға жасалған мониторинг бойынша, жұмыртқаның бағасы 0,6%, сары май бағасы 0,5% ғана артқан»,-делінген ведомствоның хабарламасында.

Бұл ретте кейбір азық-түлік түрлеріне бағаның керісінше, төмендеуі байқалады. Айталық орамжапырақ бағасы 2,9%, сәбіз бен қант бағасы 1% төмендеген.

«Сондай-ақ осыған дейін жасалған азық-түлік бағасын шекті деңгейден асырмау жөніндегі келісімдерге сәйкес, жылыжай өнімдерінің құны бұрынғы деңгейде қалып отыр. Айталық, жергілікті өндірушілердің қызанақтары келісіне 500 теңгеден, қызыл бұрыш - 750, қияр 600 теңгеден саудаланып жатыр»,-деп қосты басқарма өкілдері.

Мерекелердің қарсаңында ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері азық-түлік дүкендері мен қаланың 17 базарымен бағаларды негізсіз өсірмеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.

Сондай-ақ демалыс күндері өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі желтоқсанның 31-не дейін созылатындығы хабарланды.



Мая Теңізбаева