Алматыда жаңа жылдан бастап кейбір қалалық автокөлік бағыттары өзгеріске ұшырайтын болады
АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты мамандары Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовке қалалық автокөлік бағыттарына өзгеріс енгізілген жаңа жоспарды ұсынды.
Жаңа жүйеге байланысты келесі жылдан бастап кейбір қалалық автокөлік бағыттары біртіндеп өзгеріске ұшырайтын болады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Соңғы уақытта Алматы қаласының кең қанат жайып дамуы мен метрополитеннің бірінші кезегінің іске қосылуына байланысты «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандары қала көлік бағытын жетілдіру мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Соның нәтижесінде алдағы уақытта көлік жылдамдығы артып, кейбір бағыттар бойынша автобустар саны да азаятын болады.
Бүгінде үлкен мегаполисте қала көшелеріне түсетін салмақты азайту бойынша сырттан келетін қоғамдық көліктерге арналған жаңа айналма алаңдар да салынуда. Жаңа алаң экологиялық талаптарға сай келмейтін аймақтық автобустар мен бағыттық көліктер санының азаюына ықпал етпек. Қалаға кіретін көліктер осы айналма алаңдарда жолаушылар мен жүктерді қалдырып, орталыққа кірмей, кері қайтарылатын болады. Мамандардың айтуынша, ол қаладағы көлік кептелісін азайтумен қатар, ауаның ластануын кемітуге ықпал етпек.
Жыл бойына қала әкімдігі мен арнайы сарапшыларға қала тұрғындарынан көлік бағыттарын жақсарту мен өзгерту туралы ұсыныстар жиі түседі. Жақын арада, атап айтқанда 26 желтоқсан күні Алматы қаласы әкімінің төрағалық етуімен осы мәселеге байланысты арнайы жиын өтетін болады.