Алматыда жаңадан ашылған спорт алаңында Спорт күні атап өтілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Биокомбинат саябағында ашылған жаңа спорт алаңында Спорт күні атап өтілді. Оған Алматы қаласы, Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері, жергілікті тұрғындар, жастар, балалар мен жасөспірімдер қатысты.
«Бүгінгі шараның басты мақсаты - тұрғындарды саламатты өмір салтын ұстануға шақыру және жастар арасында ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық спорт түрлерін кеңінен насихаттау. Алматы қаласының 1000 жылдығына орай ашылған бұл үлкен спорт алаңында енді кез-келген уақытта футбол, баскетбол, волейбол ойнауға, «воркаутпен» және басқа да спорт түрлерімен айналысуға болады. Бұл спорт алаңын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында «Эталон» ЖШС қалаға сыйға тартты», - деді өз сөзінде аталмыш шараны ұйымдастырушы Алматы қаласының Алмалы аудандық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ақсұңқар Әбілтаева.
Ал, жергілікті аумақтың тұрғындары да, жастар да демалыс орталығының осылай көріктендірілгеніне аса ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында 12-14 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында мини-футболдан жарыс өткізілді. Оған 60-қа жуық жасөспірім қатысты. Барлығы 8 команда бақ сынасып, жүлдегерлерді анықтады. «Биокомбинат» аула клубы бірінші орынды иеленді.
Спорт алаңында сондай-ақ, ұлттық спорт ойындарын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында қазақша күрес, арқан тартыс, асық ойнау секілді ойындар ұйымдастырылды.