Алматыда жанармай бекеттері мен ақша айырбастау пункттерінде қылмыс азайды

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда жыл басынан бері ақша айырбастау пункттеріне қатысты 26 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға төмен.
None
None

 Бұл туралы қалалық ІІД-нің бастығы Ерлан Тұрғымбаевтың қаладағы айырбастау пункттері мен жанармай құю бекеттері, күзет агенттіктерінің басшыларымен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесуде тағы белгілі болғаны жанармай құю бекеттерінде биыл 7 қылмыс тіркелген. Былтыр  16 қылмыс тіркелген еді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жанармай бекеттері мен ақша айырбастау пункттерінде қылмыстың орын алуына видеобақылау қондырғысының жоқтығы, күзетшілердің кәсіби еместігі, ақшаны тасымалдауда сақтық шараларын дұрыс пайдаланбау, қылмыс туралы полицияға кеш хабарлау мүмкіндік береді. Осыған орай биыл қалалық ІІД-і осындай мекемелер басшыларымен бірлесіп қауіпсіздікті күшейтудің бірнеше шарасын жүзеге асырған. Нәтижесінде қылмыс төмендеген. Кездесу барысында қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі сөз болып, бірқатар ұсыныстар жасалды.

 Қазіргі кезде Алматыда 638 ақша айырбастау пункті бар. Оның 610-ы видеобақылаумен жабдықталып,  ІІД-нің ұсынысымен қалалық орталықтандырылған мониторинг күзет қызметіне қосылған. Қалада сондай-ақ 220 жанармай бекеті бар.  Оның 150-і жоғарыдағы орталықтандырылған желіге қосылған.

Соңғы жаңалықтар