Алматыда жаңбыр суы шайып кеткен бөктердегі жолдың шеті қайта қалпына келтіріледі

«30 сәуір күні жауған жаңбыр суы Медеу ауданындағы Алмалы көшесінде бөктердегі жолдың шеті шайылып, топырағы төменге опырылып түскен. Оқиға орнына Медеу ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, әкімдік, Қазселденқорғау қызметкерлері барды. Жол жабындысы, асфальтта ұзындығы 12-16 метр және ені шамамен 5 см жарық пайда болған Көлік пен жаяу жүргіншіге шектеу қою үшін қауіпті жерлер қоршалды, полиция қызметкерлері бекет орнатты», - деп хабарлады қалалық ТЖД.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Қазіргі уақытта келген шығын есептелуде және смета құны жасалып жатыр. Осыдан кейін жол учаскесін жөндеу және бөктерді нығайту жұмысы жүргізіледі.
«Қауіпті аймақтың ұзындығы шамамен 100 метр. Жақын маңда тұрғын үйлер мен коммуналдық ғимараттар орналасқан. Жауын-шашын көп жауған жағдайда, тас жол бойында топырақтың одан әрі опырылып кету қаупі бар», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.