Алматыда және Алматы облысында «Жер - 2009» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы басталды

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің нұсқауы бойынша бүгін Алматыда және Алматы облысында «Жер - 2009» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы басталды.

Алматыда және Алматы облысында «Жер - 2009» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы басталды

 Бұл туралы бүгін Астанада журналистермен кездесу барысында Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс департаменті директоры міндетін атқарушы Мейрамбек Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Шара барысын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметов пен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко қадағалайтын болады.

 Төтенше жағдайлар министрлігі құрған жаттығу желісі бойынша шілденің 22-сі күні таңғы сағат 7-де Алматы қаласында 8-8,5 балдық жер сілкінісі орын алмақ. 9 балды сілкініс ошағы қаланың оңтүстік-шығысына қарай 40 шақырым жерде орналасады. Апаттан Алматы қаласы, сонымен қатар облыстың Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле және Қарасай аудандары зардап көреді деп күтілуде.

 М.Ысқақовтың атап көрсеткеніндей, бүгін жоспар бойынша сейсмологиялық зерттеу қызметінен алынған жедел ақпаратқа сай, министрлік қалалық және аймақтық мемлекеттік органдардың шұғыл қызметтерімен бірлесе отырып, республикалық штабты ұйымдастырды.

Жаттығудың екінші бөлігінде күш пен жабдық мүмкіндіктері сараланып, құтқару және жедел көмек көрсету жұмыстары мен адамдарды апат аймағынан шығару шаралары басталады. Оған  әуе көліктері және техникалар жұмылдырылмақ. Жалпы шараға 500-ден астам адам, 2 тікұшақ, 1 ұшақ және 152 арнайы техника тартылады.

 «Мақсат - біздің жоспарлардың, күшіміздің мүмкіндіктерін бағамдау және құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл жасай білу, жұмыстарындағы үйлесімдерін тағы бір шолып өту», дейді М.Ысқақов.

 Шара соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметовтың қатысуымен республикалық штаб отырысы өтіп, онда Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Алматы әкімі Ахметжан Есімов, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешов, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың баяндамалары тыңдалады.