Алматыда жаңғыртылған ХҚКО ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Жаңғыртылған халыққа қызмет көрсету орталығында келушілерге барынша жағдай жасалған. Балаларға арналған бұрыш, ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін – пандус және қызмет көрсетілетін жеке сектор қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жаңғыртылған ХҚКО ашылды
Фото: gov.kz

Модернизациядан өткен халыққа қызмет көрсету орталығын Алматы әкімі Ерболат Досаев, ҚР Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин және мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин аралап көрді.

Жаңа ХҚКО-да барлығы халыққа ыңғайлы етіп жасалған. Клиенттер көптеп жиналмауы үшін ХҚКО арнайы бөлімдерге бөлінген. Байланыс аймағына келушілер қызметті өздері ала алады. Мұнда смартфон арқылы қызметті қалай алуға болатынын үйретеді.

Әрі әлеуметтік қызмет көрсету, құжаттау және дайын құжаттарды беру бөлімі бар. Балаларға арналған бұрыш, ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін – пандус және қызмет көрсетілетін жеке сектор қарастырылған.

Мұнда инновациялық жобалар ұсынылған. Соның бірі тәулік бойы жұмыс істейтін 33 ұяшықты постамат, ол жерден өзіңізге ыңғайлы уақытта дайын құжатты ала аласыз. Бұған қоса, ХҚКО-да төлқұжат пен жеке куәлік алу үшін өтінішті өз бетінше беру құжаттау терминалы бар.

Елімізде 2024 жылдың соңына дейін мемлекеттік корпорацияның 115 фронт кеңсесі жаңғыртылады. Алматыда 13 ХҚКО мен арнайы ХҚКО бар.

Жыл басынан бері тұрғындарға бір жарым миллионға жуық қызмет көрсетілді. Жаңғыртылған ХҚКО күніне 3 мыңнан астам адамды қабылдай алады.