Алматыда жарты жыл ішінде 2 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биылғы жылдың 6 айында 2363 адамнан қатерлі ісік анықталып, диспансерлік есепке алынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы онкологиялық орталығының клиника-диагностика бөлімінің меңгерушісі Нәйля Ақжолова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Онкологиялық сырқат көп жағдайда біраз уақытқа дейін ешқандай белгі бермейді, оның қауіптілігі де осында. Әдетте ауру симптомдары үшінші немесе төртінші сатыда ғана біліне бастайды.

«Ең алдымен дер кезінде жасалған диагностика обырды бастапқы сатыда анықтап, науқасты емдеп жазуға мүмкіндік береді. Бастапқы сатысында қатерлі ісіктен құлан-таза айығып кетуге болады. Ал үшінші, төртінші сатыда ем-домның ауыр түрлері, химиотерапия, радикалды операциялар қолданылады. Ісікпен кішігірім кезінде, пайда болған кезінде күрескен жеңіл, үлкейіп кеткенде ол адам өміріне қауіп төндіреді», - деді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, қала тұрғындары арасында ең көп сүт безі обыры, екінші – колоректалды обыр, үшінші – өкпе обыры, төртінші орында – асқазан обыры кездеседі.

Сондықтан қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында жоспарлы скринингтерден уақтылы өтіп тұру қажет.

«Тиімділігі дәлелденген скрининг түрлері: 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдерді сүт безі обырына мамографиялық скринингтен өткізу – 2 жылда 1 рет; 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдерді жатыр мойны обырына цитологиялық скринингтен өткізу – 4 жылда 1 рет; 50 мен 70 жас аралағында қан арқылы, колоноскопия әдісімен тоқ ішек, тік ішек обырына тексеру – 2 жылда 1 рет өту қажет», - деді Нәйля Ақжолова.

Ол сондай-ақ қатерлі ісік ұзақ уақыт бойы қалыптасып жетілетінін, сол себепті ерте анықталған жағдайда аурудың асқынуына жол бермей, уақтылы ем-дом жасауға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Айта кетейік, қала тұрғындары скринингтен тіркелген емхана арқылы өтеді. Скринингке учаскелік медбике шақыруы тиіс. Жоспарлы тексеруден өтетін жасқа жеткен азаматтар емханаға өздері хабарласса да болады. Сонымен қатар, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 87-бабына сәйкес, жұмыс берушілер скринигтен өтетін жұмыскерлерді бір күнге жұмыстан босатуға міндетті.


Соңғы жаңалықтар