Алматыда жарық неге жиі сөніп қалады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алмалы ауданның негізгі проблемаларының бірі – электрмен қамтамасыз етудің тұрақсыздығы. Жыл басынан бері электр желілерінде 240-тан астам авария болды. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесу барысында Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шаһар басшысының сөзінше, ауданда ескі және тозған желілердің салдарынан электр көздері істен шығып, жиі авариялар орын алады, әсіресе Байтұрсынов – Абай – Төле би – Розыбакиев көшелерінің бойында. Биыл электр желілерінде 240-тан астам апат болды.
«Электр энергиясымен жабдықтаудың сенімділігін арттыру үшін 2022-2023 жылдары қаланың электр желілерін жаңарту көзделген.Осы жоба аясында аудан бойынша екі жыл ішінде резервтік қуатты 10кВт-қа дейін ұлғайтып, 156 км ескірген кабельдерді ауыстыру, сондай-ақ 13 тарату және 195 трансформаторлық подстанцияны қайта жаңартуды қарастырып отырмыз»,- деді ол.
Қазірдің өзінде 55 шақырым кабель желілері ауыстырылды, 8 тарату және трансформаторлық станция жаңартылды.
«Жыл соңына дейін тағы 26 км желіні ауыстырып, 2 тарату және 8 трансформаторлық подстанцияны қайта жаңғыртамыз. Нәтижесінде, 2022 жылдың соңында аудандағы тозған электр желілерінің үлесі 70-тен 56%-ке дейін азаяды. Жоба аяқталғаннан кейін келесі жылы тағы 75 км желіні жаңарту, 3 тарату және 145 трансформаторлық подстанцияны қайта жаңарту есебінен тозған желілердің үлесі 44%-ке дейін төмендейді»,- дейді Ерболат Досаев.
Айтуынша, осы шаралардың барлығы Алмалы ауданындағы электр желілерінің жұмысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
«10 қыркүйекке дейін екі учаскеде 415 метр жылу желілерін қайта жаңартуды аяқтаймыз, оның ішінде: Досмұхамедов көшесінің бойымен Құрманғазыдан Абайға дейін ұзындығы 225 метр және Бөгенбай батыр – Радостовец қиылысындағы аулада – 190 метр»,- деп қосты қала басшысы.