Алматыда жас балет әртістеріне арналған тұңғыш театр ашылды

;     АЛМАТЫ. Қарашаның 7-сі. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Қазақ балеті тарихында жас балет әртістеріне арналып   ашылып отырған театр - біздің оқу ордамыздың 75 жылдық мерейтойына арналған баға жетпес сыйлық болды, деді театрдың ашылу салтанатында А.В.Селезнев атындағы Алматы  хореографиялық училищесінің директоры Қарлығаш Мырзаханова, 

Алматыда жас балет әртістеріне арналған тұңғыш театр ашылды

     деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         «Жаңа театрдың ашылуы біз үшін, біздің оқушыларымыз үшін үлкен қуаныш. Соңғы 2 жылда Білім және мәдениет министрлігінің, демеушілеріміздің арқасында бүгін арманымыз орындалды. Халық біздің 2 күндік есеп беру концертімізге келгенде, «енді тағы қашан сіздің оқушыларыңыздың өнерлерін тамашалай аламыз» дейтін. Міне енді, көпшілік біздің театрдан талантты балаларымыздың өнерлерін көре алатын болады. Біз театрды баяғыдан ашар едік, оған әр түрлі проблемалар себеп болды»,  дейді оқу орынының басшысы,  доцент, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қарлығаш Мырзаханова.

         Оның айтуынша, театрдың ашылуы- енді қаражатты біреулерден сұрамай, өзіміздің табуымызға мүмкіндік береді.Осылайша, аз да болса қаражат жинап, керекті заттарымызды ала аламыз және  би қоюшыларын өз елімізден, шет елден шақыртуға мүмкіндік туады.

         «Училищенің жетістіктері күн сайын емес, сағат сайын өсуде. Мен өзім оқыған оқу орынының  жетістіктерін мақтан тұтамын. Түлектеріміз еліміздің екі бірдей опера және балет театрында, сонымен қатар АҚШ, Австрия, Франция, Германия, Ресей сияқты ірі мемлекеттердің балет сахналарында өнер көрсетіп жүр. Бүгінгі ашылып отырған театр оқушылар мен ұстаздардың шығармашылық ізденуіне, балет өнерінің одан әрі дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді», деді елімізге танымал балетмейстер Болат Аюханов.

         Бұл оқу орнында 360 бала оқиды. Театрдың труппасы жыл сайын ауысып отырады, онда 100 оқушы өнер көрсететін болады. Театрға кіру бағасы 300 теңге, ал балкон 200 теңге. Спектакльдер аптасына 1 рет қойылатын болады. Жалақы - сыйақы ретінде төленіп тұрады. Елімізде балет бишілерін дайындайтын бірден бір оқу орыны заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған.