Алматыда жас ғалымдар мен студенттерге Ө. Жолдасбеков атындағы 100 мың теңгелік шәкіртақылар табыс етілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда үздік оқитын және ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатысатын жас ғалымдар мен студенттерге академик Ө. Жолдасбеков атындағы шәкіртақылар табыс етілді. Салтанатты шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультеті ғимаратының бүгін Ө. Жолдасбековтың есімі берілген үлкен залында өтті.
Бүгінгі шара Мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Өмірбек Жолдасбековтың туғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған болатын.
Университет ректоры, техника ғылымдарының докторы Ғалымқайыр Мұтанов 100 мың теңгелік бір реттік шәкіртақыларды бұл жолы ҚазҰУ «Механика» мамандығы бойынша 3-ші курс докторанты, жас оқытушы Назгүл Қалиеваға (шәкіртақы құрылтайшысы - механика кафедрасы), «Механика» мамандығы бойынша 2-ші курс докторанты, жас оқытушы Бақытжан Ахметовке (құрылтайшы - механика кафедрасы), «Ғарыш техникасы және технологиясы» мамандығы бойынша 2-ші курс магистранты Әлішер Ыбыраевқа (құрылтайшы - ҚазҰУ Математика және механика ҒЗИ), «Механика» мамандығы бойынша 4-ші курс студенті Айдын Айтжанға (құрылтайшы - механика кафедрасы), «Механика» мамандығы бойынша 4-ші курс студенті Абай Бекмағамбетовке (құрылтайшы - механика кафедрасы), сондай-ақ, Ресейдегі В. Потанин атындағы шәкіртақылық бағдарламаның дипломанты, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Аспап жасау» мамандығы бойынша 2-ші курс магистранты және Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университетінің магистранты Нұрлан Баянбай мен В. И. Вернадский атындағы Бүкілресейлік байқаудың «Роботты техника» секциясы бойынша жеңімпазы, Алматыдағы Махатма Ганди атындағы нөмірі №92-ші мамандандырылған мектеп-лицейдің 11-ші сынып оқушысы Төрехен Жәдігерге табыс етті.
Айта кетелік, соңғы екі шәкіртақыны Ө. Жолдасбековтың қызы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Баян Жолдасбекова тағайындаған.