Алматыда жас ғалымдардың 3-ші ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президентінің қорында халықаралық «Инновациялық даму және қазіргі Қазақстандағы ғылымның талабы» атты жас ғалымдардың 3-ші ғылыми конференциясы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Конференцияның басты мақсаты - жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін арттыру, оларды қазіргі заман ғылымындағы өзекті мәселелерді шешуге тарту, ғылым-білім кеңістігінің дамуын сақтау» дейді ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы жас ғалымдар кеңесінің төрайымы Гүлмира Әбдірайымова. Биылғы конференцияға 200-ден астам жас ғалымдардан 384 баяндама келіп түскен. «Баяндамалардың сапасы артқан. Биыл мемлекеттік тілдегі жұмыстар көбейді», дейді қазылар алқасының мүшесі, ҚазҰУ-дің профессоры Дмитрий Корулькин.
Мәслихат аясында "Үздік жас ғалымдар кеңесі" аталымы бойынша 1-ші орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 2-ші орынды М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, 3-ші орынды Д.Қонаев атындағы Тау-кен институты еншіледі. Олардың әрқайсысына ҚР Тұңғыш Президенті қоры атынан 750 мың теңге көлемінде сыйлық берілді.