Алматыда жас менеджерлер мектебі ашылды
Мектеп басшысы Үмітай Әнесованың айтуынша, бұл жобаны «Тәуелсіз басылымдар редакторларының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі «Арыс» қорымен бірлесіп қолға алып отыр.
«Біздің елімізде менеджмент саласы әлі де болса ақсаңдап жатыр. Жұрттың көпшілігі менеджердің қызметін жеткілікті түрде түсіне бермейді. Біздің мектептің мақсаты - жастарды журналистика, баспа, жарнама ісі саласындағы менеджментке нақты іс жүзінде баулу, газет-жорнал, баспа, жарнама бизнесіне үйрету. Негізінен, біз қазақ тіліндегі басылымдарды осы өзіміз тәрбиелейтін жас менеджерлердің жаңа толқынының күшімен көтергіміз келеді», деді жаңа ұйымның жетекшісі Ү. Әнесова. Оның айтуынша, жаңа ашылған жас менеджерлер мектебі тек газет-жорнал, баспа, жарнама бизнесімен шектеліп қалмай, еліміздің болашағы үшін қызмет ететін басқа салаларды да, атап айтқанда, мәдени саланы да қамтитын болады.