Алматыда жас прозашылар студиясы ашылды

АЛМАТЫ. 20 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыдағы «Бөбек» ұлттық орталығында 9-15 жастағы дарынды балаларға арналған «Проза» шығармашылық студиясы ашылып, өз жұмысын бастап кетті.

Алматыда жас прозашылар студиясы ашылды

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін еліміз бойынша осы студияға қатысуға байқау жарияланған болатын. Соның нәтижесінде республика бойынша ең үздік шығарма жазған 50 бала іріктелініп алынды. Енді бір апта бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас қаламгерлер танымал ақын-жазушылардың шеберлік сыныптарына қатысып, қаламдарын ұштайтын болады. Сонымен қатар, олар сүйікті жазушыларымен кездеседі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұнымен қатар, бағдарлама аясында ҚР-ның тарихи-мәдени құндылықтары мен әдет-ғұрыптарына сүйене отырып, жасөспірімдер арасында рухани-адамгершілік тәлім-тәрбие жұмыстары, әлеуметтік ахуалы нашар отбасынан шыққан дарынды балаларға көркем әдебиеттен сапалы білім беру, жеке және ұжымдық жұмыстар арқылы баланың шығармашылығын дамыту жұмыстары қарастырылған.

«Проза» студиясы әлеуметтік ахуалы нашар отбасынан шыққан дарынды балаларға тұлға болып қалыптасуына қолдау көрсету және балалар шығармашылығына қоғам назарын аудару мақсатында арнайы ұйымдастырылып отыр", - деді «Бөбек» ұлттық орталығының бас директоры қызметін атқарушы Қорлан Жампейісова.

Оның айтуынша, балалар шығармашылықтарын жетілдіру барысында студияда ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шығармалар жазатын болады. "Студия жұмысының соңында дарынды балалардың үздік жұмыстары іріктеліп, жақында біздің орталықта шығатын «Мейір» журналына жарияланбақ. Шараның әр қатысушысына «Бөбектің» сертификаты табысталады", - деді ол.