Алматыда «Жас түлек - 2010» мектеп бітірушілер фестивалі өтті
; АЛМАТЫ. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда демалыс күні «Жас түлек - 2010» мектеп бітірушілер фестивалі өтті. Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов пен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Білім және ғылым министрі мен қала әкімі салтанатты түрде қаланың ең үздік түлектеріне ерекше білім аттестаты мен «Алтын белгі» медалін тапсырды.
«Үстіміздегі жылы қаланың 9295 түлегі ҰБТ тапсырды, олардың 142-сі «Алтын белгі» иегері атанды, 167 мектеп бітіруші үздік орта білім аттестаттарын алды», деп атап өтті қала әкімі Ахметжан Есімов салтанатты шарада. Сол күні, сондай-ақ, 18 мектеп бітіруші Алматы қаласы әкімінің жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік беретін гранттарға ие болды.
Құрметті қонақтар мен қала әкімі мектеп бітіруші түлектерді мерекелерімен құттықтап, оларға табыс тіледі.
«Бүгін сіздердің алдыларыңызда үлкен өмір жолы ашылады. Мен сіздерге жетістікке апаратын жолдарыңызды тауып, өздеріңізді танытуларыңызға тілек білдіремін», - деді Ахметжан Есімов түлектерді құттықтау сөзінде.
Фестиваль аясында алғашқы рет әр салада табысқа жеткен оқушыларға «Туған тілінің жұлдызы», «Шабыт жұлдызы», «Спорт жұлдызы», «Ғылым жұлдызы», «Әдебиет жұлдызы», «Тұлпар» аталымдары бойынша арнайы марапаттар табысталды.