Алматыда жас жеткіншектердің репродуктивті денсаулықтарына қатысты мәселе талқыланды

АЛМАТЫ. 10 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Жеткіншектердің репродуктивті денсаулығы саласындағы жағдай қандай?

Алматыда жас жеткіншектердің репродуктивті денсаулықтарына қатысты мәселе талқыланды

Алматының 14-тен 18 жасқа дейінгі жас жеткіншек-қыздары репродуктивті құқық туралы не біледі? Олар қандай мәселелерге кезігеді? Бүгін Алматыда осы мәселелерге арналған "дөңгелек үстел" отырысы болып өтті.

Жиынға жастар орталықтарының, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін ҮЕҰ өкілдері мен дәрігерлер қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, елімізде жыныстық тақырыптарға сұрақтар ашық түрде айтылмайтын жағдайда. "Жасөспірімдер көп жағдайда мұндай сұрақтар туындағанда қайда барарын, не істерін, кімнен кеңес аларын, тіпті, кіммен сөйлесерін де білмейді. Бұл келеңсіз жағдайларға, тіпті аяғының ауырлауына, түсік тастатуға, тастанды балалар санының ұлғаюына әкеп соғуда", - дейді олар.

"Әр адам ерте ме, кеш пе, отбасын құруды, ал, әйел адам дені сау сәбиді дүниеге әкелуді ойлайды. Сондықтан, әр жеткіншек репродуктивті денсаулығын ойлауы қажет, жыныстық тәрбие жайында ақпараттануы керек",-дейді "Забота" дағдарыс орталығының ерікті жаттықтырушы Илья Золин.

Оның айтуынша, жасөспірімдердің көпшілігі арнайы көмек алу байланыс телефондарын, кеңес алу орындарын, контрацептік әдістер түрлері жайында білмейді. "Елімізде 16 жастағы қыз балалар кәсіби маманның көмегін ала алмайды, яғни ата-анасымен бірге бармаса қабылдауында бола алмайды. Ақпараттанбағандық, білмегендік әр түрлі жағдайларға әкеліп соғуда. Жүкті болып қалған қыздар, ата-анасының білмеуі үшін жеке меншік емханаларға жүгінуі де сондықтан. Ал, ол жерге барған қыздардың одан кейін сәбилі болатынына ешкім кепіл бермейді. Біз сол себепті, жеткіншек қыздар 14 жастан ата-анасынсыз гинекологқа қаралуы керек деп санаймыз. Бүгінде бұл тәжірибеге Ресей, Молдова елдері көшкен", - деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, бұл мәселелердің шешімі әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің, ұйымдар мен мамандар қызметінің үйлесімді жұмыс істеуінің және жастар бағдарламаларын толыққанды қаржыландырудың арқасында ғана мүмкін болмақ.