Алматыда «Жас Жұлдыз - 2011» атты жастардың шығармашылық фестивалі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 5 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Жас Жұлдыз - 2011» атты жастардың шығармашылық фестивалі басталды.

Алматыда «Жас Жұлдыз - 2011» атты жастардың шығармашылық фестивалі өтіп жатыр

Алматы қаласының жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқауға қалалық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, ЖОО мен орта білім беретін оқу орындарының студенттері, сонымен қатар, қаладағы жастар клубтарының өкілдері қатысуда.

Қазіргі уақытта Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде байқаудың іріктеу сындары өтуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өтініштер 30 қыркүйектен - 30 қазанға дейін қабылданған.

Фестиваль барысында түрлі ән, би байқаулары, күйшілер сайысы, патриоттық әндер мен авторлық әндер байқауы өтетін болады.

Шараның мақсаты - талантты жастардың шығармашылығына жағдай жасау, талантты да, дарынды жастарды анықтау, оқу орындары арасында байланыс орнату, жастарды қаланың қоғамдық өміріне белсене араласуына тарту болып табылады.

Байқау жеңімпаздары дипломдармен, фестиваль кубогымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.