Алматыда жасөспірімдердің велосипедтерін ұрлап жүрген алаяқ ұсталды
АЛМАТЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда кәмелет жасқа толмаған жас жеткіншектерден алдау арқылы велосипедтерін ұрлап жүрген алаяқ ұсталды.
"Ол 27 жастағы Берік Баймұхамметов есімді жігіт болып шықты. Ол жасөспірімдердің көп шоғырланатын жерлеріне барып, өзін велоспорт бойынша жаттықтырушымын деп таныстырған. Балаларға "темір тұлпарларыңды" тексеріп көрейін деп айдап қашып кетіп жүрген, сөйтіп, қылмысын осылайша, қорқыту, үркітусіз күндіз жүзеге асырған. Бізге шілде айының басынан алданып қалған балалардың ата-аналарынан арыздар келіп түсе бастады. Алдымен біз бұған дейін істі болған адамдарды тексеріп шықтық. Соның нәтижесінде бұл қылмыскерді тез анықтап, оның Шығыс Қазақстан облысындағы түрмеден қашып кеткендігін білдік. Ол онда қарақшылық шабуыл жасағандығы үшін отырған", - деді Бостандық ауданының ІІД басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Шәміл Шүкебасов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта оның осы сынды 12 қылмыстық іске қатысы бары дәлелденген. "Біз БАҚ арқылы ол жігіттен зардап шеккендерді тапқымыз келеді.. Өйткені, қылмыскер қалада одан да көп алаяқтық жасағандығын айтып отыр. Бұған дейін полицияға шағым жасамағандар мына телефондарға хабарласа алады: 254-47-01 және 254-47-02", - деді полковник Шәміл Чукубасов.
Полицияда Берік Баймұхамметовтың алаяқтық, қарақшылық шабуылмен қатар, тонаушылықпен айналысқаны да белгілі болды.