Алматыда жастар арасында «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы басталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 14-35 жас арасындағы жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау іс-шарасын ұйымдастыру жөніндегі жоба жетекшісі Шырын Тіленшиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, биылдан бастап гранттар алғаш рет өңірлік деңгейде берілетін болады. Байқауға өтінімдер 15 тамыз - 10 қазан аралығында қабылданады.

«Қазіргі уақытта Алматы қаласының жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Алматы Студенттер Альянсы» корпоративтік қоры қала жастарына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын беруге конкурс жариялады. Атап айтқанда, жоба Алматы қаласының тұрақты тұрғыны, 14 пен 35 жас аралығындағы жастар бастамаларын іске асыруға бағытталған», - деді Шырын Тіленшиева.

Гранттар жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде келесі бағыттар бойынша беріледі:

1. «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;

2. «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;

3. «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;

4. «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;

5. «Медиа» – жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін.

«Гранттың мөлшері мен саны әр бағыт бойынша анықталады. Бір гранттың мөлшері – 1 млн теңге. «Ғылым», «Ақпараттық технологиялар» және «Бизнес» бағыттары бойынша 3 жеңімпаздан, ал «Мәдениет», «Медиа» бағыттары бойынша 2 жеңімпаз анықталады. Жалпы конкурс аясында 13 үміткердің жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар», - деді спикер.

Конкурс екі кезеңде өткізіледі:

I кезең – уәкілетті органның конкурстық өтінімдерді қабылдауы және талаптарға сәйкестігін қарау;

II кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурс жеңімпаздарын анықтау.

«Грант берудің мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа және қолданыстағы жастар бастамаларын мемлекеттік қолдау. Конкурстық комиссияның құрамына орталық атқарушы органдар мен азаматтық қоғам өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар енгізіледі. Конкурстық комиссияның отырыстары ашықтық, айқындық қағидаттарында, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында онлайн трансляция режимінде өткізіледі», - деді Шырын Тіленшиева.

Жоба бойынша толық ақпарат пен туындаған сұрақтарға жауапты «Алматы студенттер альянсының» @qsa_almaty әлеуметтік желісінен алуға болады.


Соңғы жаңалықтар