Алматыда жастардың 7-ші халықаралық мұнайгаз форумы болады

АЛМАТЫ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда сәуір айының 17-і мен 18-і аралығында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде 7-ші Халықаралық жастар мұнайгаз форумы өтеді. Бұл туралы кеше Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында айтылды,

Алматыда  жастардың 7-ші халықаралық  мұнайгаз форумы болады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шара Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті жанындағы Халықаралық инженер-мұнайшылар қоғамының ұйымдастыруымен өтпек. Форумның мақсаты - студенттердің мұнай-газ өнеркәсібіндегі ғылыми-техникалық шешімдерін көрсету, жас мамандардың біліктілігі мен көшбасшылық қабілетін арттыру және өз ісінің кәсіпқой шеберлері мен болашақ мамандар арасындағы ашық сұхбат ұйымдастыру.

Аталмыш университет жанындағы инженер-мұнайшылар қоғамының президенті Санжар Мұқановтың айтуынша, Жастар мұнайгаз форумы халықаралық деңгейде танылып үлгерген. "Форум ТМД елдері мұнайгаз секторы мен студенттерді ғана емес, АҚШ, Қытай, Ресейдің ірі компания өкілдері мен ЖОО-ның студенттерінің қызығушылығын тудыруда. Бұл форум - мұнай -газ индустриясына үлес қосу үшін, жаңалық енгізуге, тәжірибе алмасуға және ықыластық атмосфера үшін қолайлы жағдай. Сонымен қатар, бұл шара - барлық қатысушылар арасында ашық сұхбат жүргізу үшін платформа болып табылады", деді Санжар Мұқанов.

Форум аясында жобалардың таныстырылымы, геология, барлау, өндіру бойынша студенттік ғылыми-практикалық конференция, «Oil Games» зияткерлік ойыны, "дөңгелек үстел" отырысы, сонымен қатар кәсіби мамандардың тренингтері мен семинарлары өтеді.

Жылсайынғы мұнайгаз форумына «BG Kazakhstan», «Chevron», «Maerskoil», «Тенгизшевройл», «Karachaganak Petroleum Operating» ірі мұнай компаниялары, сервисті «Schlumberger», «Baker Hughes» и «Halliburton» компаниялары қолдау көрсетіп отырады. Биыл да олар аталмыш шараның қолдаушылары болмақ.