Алматыда жастардың қалалық Дельфи ойындары өткізілді
АЛМАТЫ. 12 мамыр. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда Дельфи ойындарының Алматы қаласы бойынша іріктеу турнирі мәреге жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Бірінші орын алған үздіктер Атырауда өтетін Республикалық сайысқа жолдама алды.
Естеріңізге сала кетейік, Дельфи ойындары кеше басталған болатын. Оған Алматыдағы 45 аула клубтары мен оқу орындарынан 150-ден астам өнерпаздар қатысып, бақ сынаған еді. Дельфи ойындары барысында олар баян, ұлт аспаптары, дәстүрлі ән, академиялық ән, фортопьяно, саксафон, халық биі, фотоөнер, эстрадалық ән, бейнелеу өнері, веб-дизайн аталымдары бойынша сынға түсті. Шахимардан Әбілов бастаған әділқазылар алқасының анықтауымен баян тарту аталымында- Айтөре Үсібәлиев, ұлт аспаптары аталымында Әлихат Асхат, дәстүрлі ән - Зүлфия Баймурзина, академиялық ән - Аида Қалмағанбетова, фортпьяно - Құрманғазы Абдуллаев, қазіргі заманғы би - «Инженеринг» тобы, саксофонда ойнаудан-Дмитрий Заводских, халық биінен «Жеті жарғы» тобы, фотоөнерден - Назерке Төлеутай, халық биінен «Қосалқа» би тобы, эстрадалық ән - Олжас Месов, бейнелеу өнері - Талғат Әбітаев, веб-дизайн аталымында - Алексей Лозумов бірінші орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздарға арнайы медальмен қатар Атырауда өтетін Республикалық сайысқа жолдама берілді. Сонымен қатар екінші, үшінші орындарға арнайы сыйлықтар берілді.
Алматы қалалық жастар саясаты басқармасының директоры Бақтияр Мәкеннің айтуынша, жастардың талантын шыңдауға аралған ойындар бұнымен тоқтамайды. «6 маусым - жастар күні Алматыдағы Студенттер сарайында үлкен фестиваль өткізіледі. Сонымен қатар алдағы уақытта талантты жастарды қолдау мақсатында «Үлес 2011» атты жастар сыйлығын тағайындауды жоспарлап отырмыз»,- деді Б.Мәкен.