Алматыда жастардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беретін фестиваль өтуде
АЛМАТЫ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Оқушылар сарайының ғимаратында Алматы қаласы Білім басқармасы мен «EDTECH-KZ» Халықаралық Білім Орталығының ұйымдастыруымен «І Алматы халықаралық мамандық таңдау фестивалі»
басталды. Аталмыш шара елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр.
Шараның мақсаты - жастардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру болып табылады. Фестивальде мектеп түлектеріне орта білім туралы аттестаттарын алмас бұрын мамандық таңдауына мүмкіндік берілмек.
Үш күнге созылатын фестивальге мектеп мұғалімдері, қаланың мектеп бітіруші жас түлектері мен олардың ата-аналары арнайы шақырылды. Оқушылар шара барысында кәсіптік диагностикалау нәтижелері негізінде өздері таңдап алған секцияларға қатысатын болады. Мамандық таңдау секциялары 4 бағыттан тұрады. Олар: техника, экономика, гуманитарлық және медицина салалары бойынша мамандықтар. Фестиваль барысында оқушылар психологиялық кеңестер алып, арнайы дайындалған шоу-бағдарламаға, қызықты байқауларға қатыса алады. Әр қатысушыға «Мамандыққа жол» атты кітапша сыйлық ретінде табысталмақ. Фестивальге мектеп оқушыларымен қатар, Алматы қаласының барлық ЖОО-ы қатысып жатыр. Ұйымдастырушылар өз мамандығын таба алмай жүрген барлық жастарды шараға қатысуға шақырады. Олар мұнда арнайы тесттен өтіп, қандай мамандық иесіне жақын екендіктерін анықтай алады.
Аталмыш шара «EDTECH-KZ» Халықаралық Білім орталығының бастамасымен қолға алынған «Кәсіби бағдар беру» жобасы аясында өтуде.
Алматы қаласы Білім басқармасы бастығының орынбасары Галина Саматокинаның айтуынша, «Кәсіби бағдар беру» жобасы - әлемнің ешбір елінде әлі жасалмаған, кәсіптік бағдар беру ісін диагностикалаудың озық бағдарламасы болып табылады. «Бағдарлама Қазақстанның білім беру жүйесіне бейімделіп, әлемдік тәжірибенің үлгілерін пайдалана отырып әзірленді», - деді ол. Оның пікірінше, бұл бастама әр жас түлектің мамандықты дұрыс таңдай білуіне ықпал етуімен қатар, мамандығына сай емес жұмыс істеп жүрген он мыңдаған жастардың мәселесін шешуге ықпал етпек.
«EDTECH-KZ» Халықаралық Білім орталығының Бас директоры Ғани Бейсенбаевтің айтуынша, бағдарлама жобасы Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен биылдан бастап Алматы қаласының мектептеріне енгізіле бастады. «Жобаның бірінші кезеңі бойынша қаладағы 180 мектептің, 8000-ға жуық 11 сынып оқушылары алғаш рет кәсібін диагностикалау тестісінен тегін өткізілді. Нәтижесінде оқушылар өздерінің жеке тұлғалық қабілеттеріне байланысты, мамандықтың түрлері турасында кеңестер алып, өз таңдауын жасады»,-деді ол.
Оның айтуынша, тесттің нәтижесімен оқушылардың 85 пайызы келіскен. Тек, 15 пайызы ғана өзі баяғыдан таңдап қойған мамандықта қалған.