Алматыда жастардың мұнайгаз форумы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 16 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде (ҚазҰТУ) ТМД мен Қазақстан студенттерінің 8-ші мұнайгаз форумы басталды. Шараны ҚазҰТУ жанындағы мұнайшы инженерлер қоғамының («KNTU SPE Student Chapter») студенттер бөлімі ұйымдастырған.
None
None

Форум аясында студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция, «Oil Games» интеллектуалдық ойыны, «Мұнай компанияларымен студенттер арасындағы әріптестік нәтижесінде кәсіби мамандарды қалыптастыру» атты «дөңгелек үстел», сондай-ақ студенттер мен мұнайгаз компанияларының мамандары үшін техникалық семинар өткізілуде.

«Шеврон» компаниясының өкілі Жанар Қошпанованың айтуынша, бұл форум ірі мұнайгаз кәсіпорындары мен студенттер арасындағы диалог алаңы болып табылады. «Біздің компания бірнеше жоғары оқу орындарымен, әсіресе ҚазҰТУ-мен тығыз байланыста. Соңғы 4 жылда біз университеттің 150 студентіне толық және жартылай стипендия бердік»,- деді Ж. Қошпанова.

Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, мұнайшылардың жастар форумы студенттерге жаңа технологиялар мен жаңа техникалық шешімдерді өндіріске енгізуге талпыныс жасауға мүмкіндік береді. Ал оқытушылар мен мұнайгаз компаниялары үшін мұнайгаз өндірісінде адам ресурстарын дамытудың стратегиясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Бұндай шаралар студенттерге мұнайгаз инженерлері күнделікті жұмыс барысында ұшырасатын маңызды шешімдерді үйренуге мүмкіндік береді. Форум аясында өтетін тренингтерде, техникалық презентацияларда, «Дөңгелек үстелдерде» білім алмасылып, мұнайгаз саласындағы жетекші компаниялармен студенттер арасында ары қарайғы әріптестіктің «болашағы» анықталады»,- дейді ҚазҰТУ-дың Мұнай және газ институтының 3 курс студенті, форум менеджері Талғат Әубәкіров.

Мұнайгаз форумын «BG Kazakhstan», «Chevron», «Baker Hughes», «Maersk Oil Kazakhstan GmbH.», «Tengizchevroil», «Karachaganak Petroleum Operating BV» және көптеген компаниялар қолдаған.

Соңғы жаңалықтар