Алматыда жасырын арақ-шарап шығаратын зауыт анықталды
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Алматы қаласында арақ-шарап өнімдерін шығарған жасырын зауыт анықталды.
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Криминалды полиция комитетінің бастығы Сұлтан Күсетов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, Қаржы полициясымен бірлесіп атқарған іс-шаралардың барысында арақ-шарап өнімдерін заңсыз шығарған Алматы облысының екі тұрғыны ұсталды. Олар қытайлық екі станогы бар жасырын шағын зауыт құрып, арақ-шарапты көтерме сауда арқылы сатқан. Осындай әрекеттердің бірі кезінде Алматы қаласы Райымбек және Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы көтерме сауда базарында 5 мың шөлмек арақ сатпақшы болған оларды құқық қорғау органдары құрықтады. «Ұлжан кентінде жасырын зауытты тінту барысында 4 мың акциздік марка және сатуға дайындалған бір мыңнан астам шөлмек тәркіленді», - дейді С.Күсетов.