Алматыда жауын-шашын салдарын жою жұмыстары жалғасуда (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «109» Құтқару қызметінің құтқарушылары соңғы екі тәуліктен бері толассыз жауған жаңбырдың салдарын жоюға күш салуда. Қазір бұл жұмыстарға аудандық әкімдіктер, коммуналдық қызметтер және басқа да мемлекеттік органдар көмек көрсетіп жатыр.
«Алматы қаласының құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесінің хабарлауынша, қазір «Шаңырақ-2» және «Өжет» ықшам аудандары, сондай-ақ, Летняя, Темекі зауыты, Ангарская және басқа да бірқатар көшелерде жиналып қалған көлшік суларды сусорғышпен тартып, арықтар мен өзендерге құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан басқа, жауын-шашын салдарынан су басуы мүмкін тұрғын үйлер мен қоралар құм салынған қаптармен нығайтылуда.
Сондай-ақ, құтқарушылар Есентай өзеніне құлап, су арнасын бекітіп тастаған ағашты кесіп алып тастады.
Қазіргі сәтте «109» пультіне тұрғындар тарапынан жауын-шашын салдарынан тұрғын үйлерге, автокөліктерге, жолдарға құлаған ағаштар жайында хабарлар түсіп жатыр. Сондықтан, қалада құтқару операцияларына «109» қызметінің жеке құрамынан 50-ден астам қызметкері жұмылдырылған. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға 27 техника қолданылып жатыр. Олардың ішінде ауыр инженерлік техника да бар.