Алматыда «Жаяу жүргінші» жедел-сауықтыру шарасы басталды

АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда жол полициясы, студент жастар мен «Жол полициясына көмек көрсету» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің қатысуымен «Жаяу жүргінші» жедел-сауықтыру шарасы өтіп жатыр,

Алматыда «Жаяу жүргінші» жедел-сауықтыру шарасы басталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара жол- көлік оқиғаларының алдын-алу, жол ережелерінің сақталуын қадағалау, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында өткізілуде. Қалалық ІІД-нің Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Мұқан Досымбаевтың айтуынша, шара барысында жаяу жүргіншілердің жол ережесін бұзбауы жол полициясы мен шараға қатысатын жастар, сондай-ақ «Жол полициясына көмек көрсету» қозғалысының өкілдерімен қатаң бақыланатын болады.

Мұқан Досымбаевтың айтуынша, жыл басынан бері Алматыда 425 жол-көлік оқиғасы тіркелген.Онда 33 адам қайтыс болып, 454 адам жарақат алған. Жол-көлік оқиғаларының 275-і жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған. Олардың кінәсінен 116 оқиға орын алып, 11 адам қайтыс болған. 109-ы жарақат алған. Жаяу жүргіншілер өткелінде ереже бұзу салдарынан 48 жол-көлік оқиғасы орын алып, 3 адам қайтыс болса, 47 адам жарақат алған. Сондай-ақ әрбір екінші оқиға жаяу жүргіншілердің кесірінен болған.

Қалалық жол полициясы басқармасы қала тұрғындарынан жолда жүру ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.