Алматыда жаяу жүргіншілер үшін қандай көшелер абаттандырылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биыл Алматыда жаяу жүргіншілердің ыңғайы үшін қайта абаттандырылатын көшелер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы жаяу жүргіншілер аймақтарын қайта абаттандыру жөнінде көшпелі кеңес өткізді.
Биыл әр ауданда 16 жаяу жүргінші аймағы жасалады. Сондай-ақ Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр көшелері мен Астана алаңында жаяу жүргіншілерге басымдық беріле отырып, бірқатар өзгерістер енгізіледі.
Қалада тұрғындар үшін жайлы аймақтарды құру, саябақтар мен скверлерді абаттандыру, жаяу жүргіншілер аймақтарын қайта жөндеу, веложолдар салу және қоғамдық кеңістікті бөліп тұратын қоршауларды алып тастау бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Қаланың Алмалы ауданындағы Дүйсенов көшесінің Аренский көшесінен Гайдар көшесіне дейінгі аумағы, Қарасай батыр көшесінің Абылай хан көшесінен Масанчи көшесіне дейінгі бөлігі толық абаттандырылады. Бостандық ауданында Тимирязев көшесінің Есентай өзенінен Байтұрсынов көшесіне дейінгі (жалпы ұзындығы 2,5 шақырым) учаскесінде де жұмыстар жүріп жатыр.
Жоба бойынша ұсақ тастар төселіп, арықтар созылады, урналар қойылып, қоршаулар және басқалары алынып тасталады.
Бұлардың орнына спорт құрылғылары, балалар алаңдары пайда болады. Ағаштар отырғызылып, жасыл желекті қоршаулар, клумбалар жасалады.