Алматыда жазғы кафенің аумағына ағаш құлады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда түнгі уақытта «Акунин» жазғы кафесінің аумағына ағаш құлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Алматы әкімдігі

Бейнежазбаға түсіп қалған оқиғаның видеосы желіде тарады.


Желідегі жазба авторының айтуынша, кафе жанынан өтіп бара жатқан жігіт кафе әкімшілігін дәмхана аумағына ағаштың құлағалы тұрғанын ескерткен екен.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 25 мамыр күні сағат 22:15-те Алматы қаласының құтқару қызметіне (АҚҚ) Абай даңғылы, 21 мекенжайында орналасқан «Акунин» жазғы кафесінің аумағына ағаштың құлағаны туралы хабарлама түскен.

«АҚҚ және Медеу әкімдігінің мамандары тексеру үшін барып, қажетті жұмыстарды ертеңгі күні күндіз жүргізу туралы шешім қабылдады. Зардап шеккендер жоқ. Бүгін таңертең шұғыл экипаж мамандары ағашты кесуді бастады. Оған жеке құрамның 4 құтқарушысы мен 1 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады әкімдікте.

Сонымен бірге, Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының қызметкерлері құлаған ағаштың діңін тексеруге шықты.

«Алдын ала визуалды тексеру барысында ағаштың қанағаттанарлық жағдайда екендігі анықталды. Оның құлау себебін анықтау үшін ғылыми қызметкерлерді тарта отырып, сараптама жасалады. Қорытындының нәтижелері кейін ұсынылатын болады», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар