Алматыда жедел жәрдем көлігі балшыққа батып қалды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жедел жәрдем көлігі балшыққа батып қалды. Орын алған жағдайға қатысты жедел жәрдемнің баспасөз қызметі түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде жедел жәрдем көлігінің батпаққа батып қалғаны туралы видео тарады. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, сағат 23.00-де Алатау ауданы, «Алғабас» шағынауданы Жаңақұрылыс көшесіне шақыртылған жедел жәрдем көлігі балшыққа батып, бір сағаттай тұрып қалған. Ал машинаның шығуына көрші-көлем көмектескен.
Жедел жәрдем баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған мекенжайға 15 ақпан күні 3 шақырту түскен. Барлық науқастарға медициналық көмек уақытылы көрсетілді.
«Жедел жәрдем көлігі батпаққа науқасты тексеріп болғанан кейін, яғни қайтар жолда батып қалды. Машина жарты сағаттан соң ешкімнің көмегінсіз шықты», - деп хабарлады жедел жәрдем қызметінен.