Алматыда жедел жәрдем қызметінің автопаркі 70% жаңарды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы жедел жәрдем қызметіне жыл соңына дейін қосымша 100 жаңа машина жеткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының бас дәрігері Біржан Оспанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда жедел жәрдем қызметінің автопаркі 70% жаңарды

Бұған дейін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада 35 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынғанын айтқан еді.

«Алдыңғы қатарлы әлемдік брендтердің заманауи, портативті құралдарымен жабдықталған 35 жаңа автокөлік алынды. Биыл жыл соңына дейін тағы 100 жаңа автокөлік келіп түседі. Жедел медициналық жәрдем қызметі коронавирус ық инфекциясының жазғы толқыны кезеңіндегі жұмыс тәжірибесін ескере отырып, материалдық-техникалық базаны жақсартты», - деді Біржан Оспанов.

Сондай-ақ, ол жедел жәрдем көлігін дезинфекциялауға ерекше назар аударылатынын айтты. I және II эшелондардың барлық клиникаларында машиналарды дезинфекциялау суық бу генераторы әдісімен жүргізіледі.

«Пациентті жеткізгеннен кейін стационарларда заманауи технологияны пайдалана отырып, санитарлық автокөлікті байланыссыз «суық бу» генераторы арқылы дезинфекциялау жүргізіледі. Оған 10 минут уақыт керек. Осылайша көліктің медициналық ұйымдарда болуын 3 есеге қысқартады», - деп атап өтті Б. Оспанов.

COVID-19 жаңа толқынына дайындық аясында диспетчерлік қызмет те күшейтілді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің алдыңғы шебінде 365 дәрігер, 1 388 фельдшер жұмыс істейді.

Бұдан басқа, жедел медициналық көмек қызметінің жұмысын жаңғырту бойынша тағы қосымша шаралар қабылданды. Бригадалар саны 220-ға дейін артып, МӘМС қоры қаражаты есебінен 20 көлік резервке қойылды.

Әкімдік қаражаты есебінен жеке компаниялардың 20 автокөлігі резервке тартылды.

Сонымен қатар, Алматы медициналық колледжі мен Республикалық медициналық колледж түлектерінен дайындалған 60 ерікті фельдшер, жеке медициналық орталықтардың 60 фельдшері дайындалып, ақпараттық-жедел диспетчерлік бөлімді кеңейту және 103 номері бойынша қабылдайтын фельдшерлер санын 60-қа дейін көбейту жоспарда бар.

Тұрғындардың сауалына жауап беру үшін шұғыл түрде 3000-505 Call-center ашылды.