Алматыда жеке тұрғын үйлерде орын алған өрттен 2 адам зардап шекті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Медеу ауданындағы Таиров көшесі бойында орналасқан нөмірі №31,33 және 35-ші жеке тұрғын үйлер отқа оранды.

Алматыда жеке тұрғын үйлерде орын алған өрттен 2 адам зардап шекті

Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз хатшысының жетекшісі Сандуғаш Баймұхамбетова хабарлады.

Оның айтуынша, өрт бүгін, 13 тамызға қараған түні таңғы сағат 04:51-де басталған. «Өрт туралы хабар «101» кезекші бөліміне түскен сәтте оқиға орнына өрт сөндіруші бөлімше келіп жетті. Өрттің жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрады. Тілсіз жаудың салдарынан 2 тұрғынды әр түрлі дәрежеде күйік шалды. Олардың бірі 4-ші қалалық ауруханаға жеткізілді. Екіншісі одан бас тартты. Ал өрт таңғы сағат 05:48-де толығымен сөндірілді. Оны сөндіруге жеке құрамнан 34 адам және 8 арнайы техника жұмылдырылды», - деді С. Баймұхамбетова.

Қазір өрттің шығу себептері анықталу үстінде.

Айта кетелік, бұл үйлер бір-біріне өте тығыз орналасқан.