Алматыда Жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

АЛМАТЫ. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы кеңсесінде Алматы қаласы Түрксіб ауданы бойынша жемқорлықты жою мәселелері қарастырылды.

Алматыда Жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Отырыс барысында алғаш рет Түрксіб ауданының әкімі Владимир Устюгов сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жою жұмысы туралы баяндама жасады. «Аудан әкімшілігі қолданыстағы заңның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған баптары бойынша түсіндірме семинарлар өткізіп келеді. Сондай-ақ сенім телефондары, азаматтардың талап-тілектері үшін арнаулы пошта жәшігі, тұрғындардың өтініштеріне арналған әкімнің веб-сайты жұмыс істеп тұр», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, осы жылдың 11 айында 33 мемлекеттік қызметкердің жемқорлыққа жол бергені анықталған.

Сонымен қатар, отырыста Түрксіб ауданы бойынша ойын автоматтарының кең таралуы, заңсыз сауда орындарынын пайда болуы, сауда орындарындағы санитарлық және экологиялық нормаларының сақталмауы сөз болды. Оған қоса, жезөкшелік және қоғамдық жерлерде шылым шегуге тыйым салатын «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі құқық нормаларын бұзу туралы мәселелер қарастырылды.

Жоғарыда айтылған жайттар бойынша партияның Алматы қалалық филиалы, «Жас Отан» жастар қанаты мен Алматы қалалық салық комитетімен бірігіп 24-25 қарашада өткізілген рейдтің нәтижесі бойынша дайындалған бейнематериал көрсетілді.