Алматыда жемқорлыққа қарсы «Саналы ұрпақ» жобасы іске асырылуда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Ахметов «Antikor Live» жобасы аясында тікелей эфирде сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қызметі» тақырыбында өткен сұхбат барысында Мұрат Ахметов көбінесе сыбайлас жемқорлықты білім беру мекемелерінің басшылары жасайтынын айтты.
«Алматы қаласында 39 жоғары оқу орны және 285- орта мектеп бар. Осыған орай, білім беру саласы департаменттің ерекше назарында. Талдау барысында анықталғандай, көбінесе сыбайлас жемқорлықты білім беру мекемелерінің басшылары жасайды. Атап айтқанда, бюджет қаражатын ұрлау, жалған жұмысқа орналастыру, орындалмаған жұмыстарды қабылдау, актілеріне қол қою, пара алу және басқа да құқықбұзушылықтар орын алып жатады. Алматы қаласы бойынша ағымдағы жылы білім беру ұйымдарының екі директоры сотталды»,- дейді спикер.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында бүгінде департаменттің басшылығымен «Саналы ұрпақ» жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты- білім беру саласында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, болашақ ұрпаққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру.
«Жоба аясында ағымдағы жылы шілде айында ректорлармен кездесу өткіздік. Нақты ұсыныстар мен жопарлар қабылданды. Қазіргі таңда Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті осы бағытта бірқатар жұмыстар жасады. Атап айтсақ, халықаралық менеджмент стандарттарын енгізді және жемқорлық тәуекелдеріне бағалау жүргізді, 130 білім алушының тестілеу нәтижелері жойылды және әдістемелік ұсыныстар мен стандарттар әзірледі»,- деді М.Ахметов.