Алматыда жеңіл атлетикадан ел біріншілігі аяқталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда жеңіл атлетикадан жастар мен ересектер арасында ел біріншілігі аяқталды, деп жазады «Хабар 24».

Алматыда жеңіл атлетикадан ел біріншілігі аяқталды

Республикамыздың әр аймағынан келген 200-ден астам спортшыға есе жібермеген Никита Филипов сырықпен секіруде 5 метр 40 сантиметрді бағындырып, Қазақстан чемпионы атанды.

400 метрге жүгіруден солтүстікқазақстандық Михаил Литвин топ жарды. Оның уақыт көрсеткіші - 47,46 секунд. Павлодарлық Игорь Кондратьев пен Сергей Зайковқа күміс және қола медаль бұйырды.

Қыздар арасындағы сында 6 метр 13 сантимерге секірген Мария Овчинникова жеңімпаз атанды.

Қысқа қашықтықта құстай ұшатын желаяқтардың бірі Виктория Зябкина алдына жан салған жоқ. Ал жастар арасындағы жарыста жүлде алған Айнұр Бекмағанбетова мен Назерке Өмірғалиеваның болашағынан мамандар зор үміт күтіп отыр.

Алматының Орталық стадионында оза шапқандар енді халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды.

«Көңілім толады. Бұйырғаны осы болып тұрған ғой. Бірақ алда мақсаттарым көп. Әр спортшының мақсаты - әлем чемпионы болу», - Қазақстан біріншілігінің қола жүлдегері Назерке Өмірғалиева.