Алматыда жеңіл жүрісті бойжеткеннің өліміне қатысты күдікті құрықталды
АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда жеңіл жүрісті бойжеткеннің өліміне қатысты күдікті құрықталды,
деп хабарлады Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің инспекторы Гүлнар Жаманқұлованың хабарлауынша, Өзбекстанның 19 жасар азаматшасының жансыз денесі осы жылдың 17 шілдесінде Алмалы ауданы аумағындағы үйлердің біріндегі жалдамалы пәтерде табылған болатын. Сол күні-ақ сот-медициналық сараптамашылары бойжеткеннің өлімі буындыру фактісі салдарынан болған деген тұжырымға келді.
«Тәртіп бойынша, тергеу амалдары бұл кісі өлімінің барлық себептері мен мүмкін деген болжамдарын жоққа шығарған жоқ. Бәрінен бұрын жедел уәкілдер қайтыс болған қыздың клиенттерге жыныстық қызмет көрсеткенін анықтады. Ол өзінің кәсібі туралы хабарландыру беріп, жалдамалы пәтерде клиенттерін қабылдағанын да еске сала кету керек. Бұл қылмыс белгісіз жағдайларда жасалған, куәгерлер де жоқ. Дегенмен де, біз бұл қылмыстың қалай орын алғандығы және азаматша Е.-нің соңғы клиентінінің жеке басын анықтауға қол жеткіздік», - деп хабарлады Алматы қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Амангелді Шідерқұлов.
Жедел уәкілдердің назары Алматы облысының 29 жасар тұрғынына түсті, кісі өлтірілген күні қарсаңында ол жыныстық қызмет көрсетуші қызға телефон шалып, ауызша уағдаластықтан соң қызбен кездесуге келген.
«Сонымен қатар, ол жұмысына да бармаған, ата-анасына да, достарына да өзі туралы еш нәрсе білдірмеуге тырысқан. ІІД мен ІІМ-нің басқа да бөлімшелеріндегі әріптестерімізбен бірлесе отырып, біз күдіктіні іздестіру мен ұстау туралы арнайы операция жоспарын құрған болатынбыз. Бірнеше күн бұрын ол Алматы қаласының аумағында ұсталды. Азамат Е. бірінші жауап алу кезінде-ақ өз істегенін мойындады, жәбірленуші мен екеуінің арасындағы ұрыс-керістен тұтанған қаһар мен ашудың салдарынан осылай болғандығын түсіндіріп баққан. Ұсталған жігіттің берген түсініктемелері мен бұл қылмыстың анық-қанығы Алмалы АІІБ-де жалғасқан тергеу нәтижесінде міндетті түрде мұқият тексерілетін болады. Күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда»,- деді полковник А. Шідерқұлов.