Алматыда Жеңіс күніне арналған отшашу мәселесі шешіліп жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов брифинг барысында «мерекеге орай отшашу бола ма?» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Отшашуға келер болсақ, қазіргі уақытта бұл сауал тиісті органдармен шешіліп жатыр. Алдағы уақытта БАҚ өкілдеріне хабарлаймыз. Әлі уақыт бар. Күте тұрайық. Мұнда қауіпсіздік, қаржылық және ұйымдастыру мәселесі бар. Осының бәрі ескеріліп, бір шешімге келетін боламыз»,- деді ол.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет басқармасы 7 және 9 мамыр күндері мерекелік отшашу болмайтынын мәлім еткен еді.
Қазіргі таңда Алматыда 75 соғыс ардагері бар. Оларға 9 мамырға дейін 1 млн теңгеден төленетін болды.