11:49, 10 Шілде 2017 | GMT +5
Алматыда жер беремін деп елді алдаған алаяқ ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мемлекеттен тегін жер алып беремін деп елді алдаған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 45 жастағы ер адам жер құжаттарының бәрін өзі жасап алған.
«Жалған құжаттарды көрсетіп, адамдардың сеніміне кіріп отырған. Шын есімі Амантай Белгібаев, бірақ адамдарға Талғат Орланұлы деп таныстырған. Ол «8 сотық жерді мемлекеттен тегін алуға қақыларыңыз бар, осы қызметті көрсеткенім үшін тек 20-30 мың төлесеңдер болды», деп 30 адамды алдаған. Бұл келіп арызданғандар ғана. Шын мәнінде зардап шеккендердің саны одан көп болуы мүмкін», - деді Наурызбай аудандық ІІБ басшысы Дәурен Өтебаев.
Қазіргі таңда күдікті қамауда отыр.
Қалалық полиция ақшасын беріп алданып қалған азаматтар болса 254-44-62; 254-44-64 және 8-778-185-57-02 нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.