Алматыда жеткіншектерге арналған «Қызықты старттар» атты спорттық шара болды
АЛМАТЫ. Қазанның 16-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда АДК стадионында балалар үйінің жеткіншектері арасында дәстүрлі «Қызықты старттар» атты спорттық жарыс болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Тұңғыш Президенті қорының ұйымдастыруымен өткізілген спорттық мерекеге Алматы облысының №1-ші және Алматы қаласының №1, №2-ші балалар үйінің жеткіншектері қатысты.
«Дәстүрге айналған жарыс, биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - жетім балаларды қамқорлыққа алу, балалар үйінде тәрбиеленушілерді спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау», дейді ҚР Тұңғыш Президенті қорының бас маманы Гүлнар Ершіманова.
Құрметті қонақ ретінде шақырылған Олимпиада чемпиондары Ольга Шишигина мен Жақсылық Үшкемпіров және қоғамдық қайырымдылық ұйымдарының басшылары балалардың спорттық жетістіктерін бағалады.
«Балалар осындай жарыстардан өседі. Біз оларға үлкен сенім артамыз. Біз сияқты, Ольга Шишигина апаларындай жетістікке жетсін деп тілеймін. Әрқашан осындай, басқа да шаралар арқылы біз болып, халық болып, қолымыздан келген көмектерімізді аямауымыз керек, оларға көмектесіп тұруымыз қажет», деді өз сөзінде Жақсылық Үшкемпіров.
Спорттық шарада балалар «Дәл тигізгіш», «Кім стартқа тез жетеді», «Чехарда», «Жанкүйерлер сайысы» және тағы да басқа түрлі қызықты жарыс түрлерінен сайысты. Қатысушы балалардың пікірінше, «Ең бастысы, жеңіс емес, қатысу».
Бірінші орынды, яғни кубокты Алматы қаласының №1-ші балалар үйінің «Сәуле» командасы жеңіп алды. Екінші орынды №2-ші балалар үйінің «Үміт» командасы иеленсе, үшінші орынды Алматы облысының №1-ші балалар үйінің «Спартандықтар» командасы еншіледі. Жеңімпаздар дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында жарыстың құрылтайшылары - «Дара» және «Аяла» қорлары балаларға арнайы дайындаған сыйлықтарын табыстады.