Алматыда ЖМС аясында салынатын дәретхананың құны белгілі болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жеке меншік-мемлекеттік серіктестік аясында салынатын бір дәретхана құны 10 млн. теңге болмақ.
Бұл туралы Bostandyk Invest форумында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл мәселе неге шығып отыр? Адамдар қыста паркте қыдырғанда жылы дәретхананың жоқтығына шағымданады. Осыдан кейін, біз көп арыз-шағым түскен жерлерді анықтап, осы іспен айналысатын астаналық компанияға шықтық. Олар бас тартты. Себебі, мұның шығыны көп екен, ең төменгі бағамен есептегенде бір дәретхана 10 млн. теңгеге шығып отыр. Тіпті, 100 дәретхана жасатсаң да шығыны бірдей», - деді Ерлан Әукенов.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, жергілікті билік дәретхана салып беретін инвестор тапқан. Оған бөлінетін жер мемлекет меншігінде қалады. Кәсіпкерге жалға беріледі.
«Кәсіпкер тәуекелге барады. Ал, халық үшін автотұрақ аймағында таза, жылы дәретхана болады. Біз қазір екеуін орнаттық, алдағы екі аптада 7-еуін саламыз», - деді ол. Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары өз сөзінде Алматыдағы дәретханалар Астана, Мәскеудегідей болу керектігін, бірақ ол үшін 5-10 млн. теңге қажеттігін де қоса кетті.
«Біз бұл жұмыста Мәскеудің үлгісін алдық. Егер мұны мемлекет салатын болса, онда бірінші жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге тапсырыс беріледі. Оның жұмысы біткен соң, салуға ақша бөлу керек болады. Бұл үшін ең жылдам әзірленді дегеннің өзінде 1,2 жыл уақыт кетеді. Мәскеуде қалай істеген? Жеке меншік-мемлекеттік серіктестік арқылы, түпкілікті сатып алуға шектеу қойып салдырған. Кәсіпкер өзі салады, өзі табысын табады», - деді Е.Әукенов.
«Жеке меншік-мемлекеттік серіктестік көлегейлі ақша айналымын азайтады, сенімді басқармаға табыстаған күнде бюджет жүктемесін азайтады», - деп сөзін түйіндеді Е.Әукенов.