Алматыда жоғалып кеткен 22 жастағы студент есін білмеген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жоғалып кеткен 22 жастағы студент есін білмеген. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне жас жігіттің ағасы Біржан Сағымбеков айтты.

Алматыда жоғалып кеткен 22 жастағы студент есін білмеген

Оның айтуынша, Арман қазір үлкен стресс алғанына байланысты емделіп жатыр.

«Бала әлі өзіне не болғанын айта алмай отыр. Дипломға байланысты ма білмедім, әйтеуір үлкен стресс алған сияқты. Отбасымен бірге Талдықорғанда.  Түрлі анализдер тапсырып, емделіп жатыр. Психологтардың көмегіне жүгініп жатырмыз», - деді Б.Сағымбеков.

Біржанның сөзіне қарағанда, оны полиция қызметкерлері Шымкент қаласынан тауып алған.

«Сол кезде-ақ, бала есін білмеген. Тек өзінің есімі мен қай жақтан екендігін ғана айтқан. Содан полиция Талдықорғанның  іздеу базасынан қараған, жоқ болған соң Алматыны қараған.  Ал, оны қандай мақсатта кімдер ұстап отырды, ол жағын полиция анықтай жатар. Әзірге бала ештеңе айта алмайды», - деді ағасы.

Айта кету керек, 6 маусымда 22 жастағы алматылық студент жоғалып кеткен болатын. Арман Нұржанұлы 1-2 күнде диплом қорғайын деп отырған еді.