Алматыда жоғалып кеткен екі баланың анасы Ресейде ауруханадан табылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жоғалып кеткен екі баланың анасы Ресейде ауруханадан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы «Қоғамдық қауіпсіздік қызметі» еріктілер ұйымының жетекшісі Ислам Угушев хабарлады.
«Ольга Городецкая тірі. Ол Ресей территориясында Мәскеу қаласында ауруханада жатыр. Біздің ұйым Ольганың жақындарымен және Қазақстан консулдығымен біріге отырып келіншекті Қазақстанға қайтаруға барын салып жатыр», - деді ол Фейсбуктегі парақшасында.
Айта кету керек, Ольга Городецкая 4 қазанда жұмысқа кеткен. Сол күні кешке 19:00-де байланысқа шыққан. Сонымен қатар қаладағы камералар арқылы Ольга Сейфуллин Мәметова көшелері қиылысындағы Мега сауда үйіне аралағаны белгілі болды. Сауда орнынан шыққан соң келіншек Байтұрсынов көшесіне қарай бағыт алған. Содан үйіне оралмаған.
Келіншектің артында 5 және 3 жастағы бүлдіршіндері қалған.