Алматыда жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорларының тәжірибелік семинары өтеді
АЛМАТЫ. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 28 ақпанда "Зерттеуші жоғары оқу орындары мен инновациялар - Қазақстанда британ тәжірибесін қолдану мүмкіндіктері" деген тақырыпта жоғары оқу орындары ректорлары мен проректорларының тәжірибелік семинары өтеді.
Оны Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен British Council мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірігіп ұйымдастырып отыр. Бұл шара British Council директоры, Қазақстандағы Ұлыбритания Елшілігінің Мәдениет және білім жөніндегі атташесі Лина Милошевичтің қатысумен ашылмақ. Оны жүргізу үшін ұлыбританиялық сарапшылардан - QS World University Rankings рейтинг агенттігінің аймақтық директоры Зоя Зайцев, Middlesex университетінің білім трансферті және кәсіби даму департаментінің директоры, жоғары оқу орны жанындағы ғылыми-зерттеу орталығын құру жөніндегі сарапшы Марк Грэй шақырылып отыр.
Бұл семинарда көтерілген тақырыптар 2-3 наурызда «Алматы» СПА сауықтыру курортындағы басқосуда одан әрі жалғаспақ. Онда Ұлыбританиядағы жетекші зерттеуші жоғары оқу орындарының қалыптасуы мен олардағы зерттеу мен инновацияларды басқару тетіктері туралы мағлұматтар беріледі. Семинарда әлемдік рейтинг агенттіктерінде қолданылатын өлшемдерге жеке сессия арналып отыр.