Алматыда жоғары оқу орындарының тәрбие жөніндегі проректорларының республикалық есептік конференциясы өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Жастардың тәрбиесі - мемлекет дамуының кепілі» деген тақырыппен жоғары оқу орындарының тәрбие жөніндегі прректорларының қатысуымен республикалық есептік конференция өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақтың М. Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясының базасында өтіп жатқан бұл шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі мен "Есірткісіз болашақ" корпоративтік қоры бірігіп ұйымдастырды. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Әділет министрлігі және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысуда. Конференцияның басты мақсаты - мәдени үйлесімді және жан-жақты дамыған, шығармашылық тұрғыда ойлау қабілеті, азаматтық құқықтанымы бар маманды қалыптастыру үшін жағдай жасау.
«Бүгінгі конференция ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры Ерлан Әукеновтің модераторлығымен өтіп жатыр. Бұл мәслихат аясында "Адамзаттың жаһандық мәселелері: лаңкестік, нашақорлық, жемқорлық", "Жоғары білім беру жағдайындағы тәрбие жұмысын ұйымдастырудың қазіргі әдістері" деген тақырыптарда семинар-тренингтер де өтпек", дейді Қазақтың М. Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясының президент-ректоры Әділбек Ботабеков. Оның айтуынша, өткен жылы қыркүйектің 24-де ҚР Президенті Аппаратының басшысы еліміздегі жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесіп, біраз мәселелерді көтеріп ауқымды іс-шаралардың жоспарын бекіткен еді. Бұл конференция барысында жоспар бойынша атқарылған жұмыстар мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси даму үрдісінде белсенді субьект ретінде танылатын жастардың ықпалдасуы жағдайы жан-жақты сөз болмақ.